Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді. Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты», - деп, жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс-әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты – түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды.

Теги других блогов: Міржақып орыс тілі қазақ даласы